31 мамыр – Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Ал, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды – Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ, 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні елімізде жыл сайын аталып өтеді. Республика бойынша әртүрлі шаралар ұйымдастырылып, ас беріледі. 1937-1939 жылдар аралығында қазақтың бас көтерер зиялысының көпшілігі қуғын-сүргін құрбанына айналды. Сол кездегі қатігез саясат нәтижесінде қуғын-сүргінге ұшырағандардың жақындары да жапа шекті. Зерттеушілер деректеріне сүйенсек, осы кезең аралығында Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген. Сол жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылған. Жалпы, 1930-1953 жылдар аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматтары репрессияға ұшыраған. Қазақстан аумағында орналасқан лагерлерге корейлер, поляктар, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халықтары және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударған.