Сонымен, қазақ жазуында латын әліпбиін қолдану мәселесіне соңғы нүкте қойылды. 26 –қазан күні Ел Президенті Н.Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Латын әліпбиіне көшу мәселесін сонау 80-жылдардың өзінде озық ойлы зиялыларымыз арагідік айтып қалып жүрген...
Ал, 1991 ж желтоқсанда еліміз өз тәуелсіздігін алған тұста ұлт жанашырлары бұл мәселені батыл көтерген болатын. Әйтседе «ештен кеш жақсы» демекші, 25 жыл өткенде ел тарихындағы елеулі тарихи шешім қабылданды.
Латын әліпбиіне көшу арқылы біз үш нәрседен ұтарымыз хақ: 1) Түбі бір түркі тілдес бауырларымызбен байланысымызға ғылым-білім, баспа-жазбалық салаларда кең жол ашылады. 2) Жаңа технологиялар заманы болып отырған ХХІ ғасыр мен онан кейінгі заманғы әлемдік ой-сана, ғылым-білім, ақпараттар кеңістігіне етене кіріге түсеміз. 3) Екі ғасырдан астам орыс отаршылдығымен жаншылған ұлттық рухымызды қалпына келтіріп, сананы отарсыздандыруда сілкініс туып, орыс тілді ақпарат экспансиясынан құтылатын боламыз.
Елбасының тапсыруымен латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің екі нұсқасы көпшілік талқысына ұсынылды. Кейінгі нұсқа көңілге қонымды көрінеді. Әйтсе де, өз басым орыс тілінен енген в, ч, ф – әріптерінің әліпбиімізде қалдырылуын құптамаймын. Бұл қазақ халқының байырғы тілінде, дыбыстау үндестігінде болмаған, сырттан күштеп таңылған дыбыстар, кірме әріптер. Егер қазақ тілінің, үнінің дыбысталу тазалығын сақтаймыз, қалпына келтіреміз десек, осы үш әріптен арылған жөн. Ал, ХХІ ғасыр қазағы ХІХ ғасыр қазағы емес, фонетикалық даму кезеңінен өткен, жаһандану үдерісіне кірігіп, бейімделуге қабілетті ұлт екендігімізді танытамыз десек, бәлкім қалғаны дұрыс шығар?! Осы және өзге де мәселелер бойынша алдағы уақытта тіл жанашырлары мен ғалымдарымыздан, халықтың қалың ортасынан ұсыныс-пікірлер әлі де болады және оларды ескеру керек деген ойдамын.
Қалай десек те, көңіліміз қуанышты, санамыз сергіп елден, елден жырақта елге құлақ түріп жүрген қара көздерден «Сүйінші»сұрауға асыққан жайымыз бар. Сүйінішіміз ұзағынан болғай!