Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Жоғары агротехникалық колледжінің қабырғасында Зеренді ауданы әкімдігінің «Тілдерді оқыту орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Қазақшаңыз қалай?» атты өзге ұлт өкілдері арасында аудандық байқау өткізілді.
Байқаудың мақсаты – өзге ұлт өкілдерінің танымдық қабілеттерін, тіл байлықтарын, сөйлеу шеберліктерін тексеру, дамыту. Салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды жандандырып, өзіне тән өнерін көпшілікке насихаттау. Өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілге деген қызығушылықты арттыру.
Аудандық байқау 5 кезең бойынша өткізілді. Байқауда Жоғары агротехникалық колледжінің 7 студенті өзара бақ сынасып, өнерлерін көрермен жұртқа паш етті. «Кәсіптік оқыту, техник-бағдарламашы» мамандығының 2 курс студенті Әмзеева Венера, «Есеп және аудит» мамандығының 2 курс студенттері Шааб Екатерина мен Абдуманнап Шахиста, «Агроном» мамандығының 1 курс студенттері Бебко Данил мен Грасмик Равиль, «Техник-механик» мамандығының 1 курс студенті Пфайфер Владислав және «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының 1 курс студенті Побединский Андрей қатысып, мемлекеттік тілде өз ойларын толық жеткізіп, қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жайында сұрақтарға жауап беріп, мақал-мәтелдің мағынасын ашып, сөйлеу шеберліктерін көрсетті.
Іс шараның қорытындысы бойынша 1 орын - Әмзеева Венера диплом және электронды пеш сыйлығымен, 2 орын- Шааб Екатерина диплом және шаңсорғыш сыйлығымен, 3 орын- Абдуманнап Шахиста диплом және үтік сыйлықтарымен марапатталды. Қатысушылар алғыс хатпен марапатталды.
Қазақ тілі – қазақ деген халықтың тарихымен астасып,тірлігімен тыныстап жатқан тіл. Өз өмірін Қазақстанның болашағымен тығыз байланыстыра ойлайтын әрбір өзге ұлт өкілі осы мемлекетіміздің ертеңі үшін жаны, жүрегі ауырып, қазақ жерінің елжанды азаматы болуы керек. Өйткені, қазақ тілін білу арқылы олар елімізбен бірге жарқын болашаққа қадам баспақ.
Тәттігүл Тұрлыбекова, Жоғары агротехникалық колледжінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы. Шағалалы ауылы.